Семейде арыстандарды таспен ұрған ұрған жігіт ізделіп жатыр

Семейде арыстандарды таспен ұрған ұрған жігіт ізделіп жатыр. Биологиялық орталықтағы оқыс оқиға видеоға түсіп қалған.
YK-news.kz ақпаратынша, бұл жайт биоорталық қызметкерлерінің ашуын тудырып отыр.
«Біздің биологиялық орталықта келушілердің – ересек адамдардың жануарларға тас, таяқ және басқа да заттар лақтыру жағдайлары жиілеп кетті. Бұл жай ғана зиянсыз әрекет емес. Бұл – жануарларға көрсетілген қатыгездік, – деп баға берді биоорталықта.
Қызметкерлердің сөзіне қарағанда, биологиялық орталықтағы жануарлар «ойын-сауық нысандары» емес, олар тірі мақұлықтар.
«Олар соққыны, ауырсынуды сезеді. Не үшін жазаланғанын түсінбегендіктен қорқыныш туады. Тұрақты қысымнан күйзеліске түседі. Қатыгездікке жауап ретінде агрессияға немесе енжарлыққа бой алдырады», – дейді орталық қызметкерлері.
Бұл оқиғаға байланысты Абай облысы полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр.
«Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде. Ықтимал куәгерлер анықталып, сұрастырылып жатыр. Абай облысы полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауға және жануарларға жауапкершілікпен әрі адамгершілікпен қарауға шақырады», – деп хабарлады полиция департаментінде.
Айта кететін жайт, елде жануарларды өлтіргендерге жаза қатаңдайды. Бұл нормалар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасында көрсетілген.