Сиыр етінің бағасын реттеу үшін шетелге жарты жылға бұқа шығаруға тыйым салды

Қазақстанда ірі қара бұқасын шетелге шығаруға алты ай мерзімге тыйым салынбақшы. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға шығарған «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасында айтылған.
Құжатты әзірлеуге Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 5 наурыздағы шешімі негіз болды.
«Бұйрық жобасында Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара малдың бұқашықтарын әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салуды енгізу көзделген», – делінген құжатта.
Шара елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық ет өңдеу кәсіпорындарының жұмыс қуатын арттыру мақсатында қабылданып отыр.
Елдегі ет нарығын реттеу үшін былтыр да үш айға бұқаны шетелге тасымалдауға тыйым салған еді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір сиыр етінің орташа бағасы 4,9 мың теңге. Елдегі ет кейбір Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне қарағанда қымбат.