
25 жылда Қазақстанда 11 банк лицензиясынан айырылып, жұмысын тоқтатқан. Олардың қатарында соңғы жылдары жабылған Capital Bank Kazakhstan (2021), «АзияКредит Банк» (2021) және Tengri Bank (2020) бар.
Сондай-ақ салымшылар саны ең көп болған ірі банктердің бірі «Астана Банкі» (2018) де осы тізімде.
Банктердің жабылғанына қарамастан, аталған 11 банктің 420 мыңнан астам салымшысына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКБҚ) 115 млрд теңге өтемақы төленген.
Қазір жеке тұлғалар депозиттерінің 99,8%-ы ҚДКБҚ тарапынан толық қорғалған. Кепілдік жүйесіне екінші деңгейдегі 21 банк қатысады.
Кепілдік тек Қазақстан резиденттеріне ғана емес, бейрезиденттерге, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын мамандарға (нотариустар, адвокаттар және т.б.) да беріледі.
Максималды кепілдік сомасы салымның түріне қарай белгіленген: теңгедегі жинақ салымдар үшін 20 миллион теңге, теңгедегі өзге депозиттер мен шоттар үшін – 10 миллион теңге, ал шетел валютасындағы жинақтар үшін – 5 миллион теңге.
Егер бір банкте бірнеше шотыңыз болса, олардың жиынтығы осы лимиттер аясында өтеледі.
ҚДКБҚ өз міндеттемелерін орындау үшін 1,6 трлн теңгеге жуық арнайы резерв жинаған. Бұл қаражат мемлекет бюджетінен емес, банктердің жарнасы мен инвестициялық табыстан құралады.
Биыл депозит бойынша мөлшерлеме 29 жыл болмаған рекордты орнатқан.