Жаңалықтар

«Баға күрт өспейді, бірақ өседі»: Энергетика министрлігі АИ-92 жайлы

бензин АИ-92
Фото: Shutterstock

Мемлекет жанармай бағасын реттеуді алып тастағаннан кейін баға өскені рас. Бірақ министрлік бағаның күрт өсіп кетуіне жол бермейді. Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев журналистерге осындай уәде берді.

«Бірден журналистер алдында ресми айта кеткім келеді. Мемлекет пен Энергетика министрлігі жанармай бағасының күрт өсіп кетуіне жол бермейді. Мораторийді алып тастағанымызға екінші апта. Біздегі ақпарат бойынша, баға тек бір күн ғана көтерілген. Тіпті 2-3 теңге деген де дерек жоқ», – деді вице-министр.

Дегенмен ол баға өсетінін де жасырмады.

«Баға көтеріледі, бірақ күрт өспейді. Қазір біз үшін басты екі дүние бар. Біріншісі – халыққа қажетті жанармай қорын жинап алу. Екіншісі – халықтың көңіл күйі», – деді энергетика министрлігінің өкілі.

Сәуірден бастап коммуналдық тарифтерге, жанармай, дизель отыны және тағы басқа тауарлар бағасын өсіруге енгізілген мораторий күшін жойды. Сол кезде энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров бағаның өсетінен айтқан еді.

Kursiv зерттеуінше, жыл басынан бері жоғары октанды жанармай құнының біршама қымбаттағаны байқалған. Алайда бағаның өсу қарқыны әр өңірде әртүрлі қалыптасқан. Елдегі жанармай бағасы ең арзан және ең қымбат өңірлерді мына жерден оқи аласыз.