
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу жүйесі түбегейлі өзгермек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен кеңес өтіп, емтихан тапсыру үдерісін жетілдіруге бағытталған маңызды шара бекітілді.
Ең басты жаңалықтың бірі – емтихан тапсыру санына қойылған шектеудің алынуы. Егер бұрын азаматтарға тек үш мүмкіндік беріліп, одан кейін қайта оқу талап етілсе, енді емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыруға болады. Тек әр талпыныс арасында 10 күнтізбелік күн үзіліс сақталуы тиіс. Бұл қадам адамдарды құжатты заңсыз жолмен сатып алуға итермелейтін кедергілерді жою үшін жасалып отыр.
Сонымен қатар, тест сұрақтарының сапасы Ұлттық тестілеу орталығының базасында қайта қаралып, олардың болашақ жүргізушінің шынайы білімін бағалай алуына басымдық беріледі.
Емтиханға ЖИ араласады
Технологиялық тұрғыдан емтихан алу процесіне жасанды интеллект «араласады». Теориялық сынақ кезінде толықтырылған шынайылық (AR) технологиясы, ал практикалық емтиханда компьютерлік көру (Computer Vision) жүйесі қолданылады. Бұл заманауи құралдар микроқұлаққап, камера немесе өзге де тыйым салынған заттарды пайдалануды бірден анықтап, адами фактордың әсерін жояды. Егер емтихан кезінде қулық жасағандар анықталса, оларға қатысты жауапкершілік күшейіп, бір жылға дейін қайта тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, автомектептердің қызметіне де қатаң бақылау орнатылады. Енді олардың жұмысы лицензияланады және оқыту сапасы төмен мекемелер рұқсатынан біржола айырылуы мүмкін. Бұл шаралар кешені жүргізуші куәлігін алуды әлдеқайда қолжетімді етіп қана қоймай, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сауатты жүргізушілерді даярлауға жол ашпақ деп түсіндіреді министрлік өкілдері.
Ақпанда Ішкі істер министрлігі «Автомектеп» атты жаңа ақпараттық жүйені іске қосқан. Соның аясында бұдан былай оқу курстарын аяқтағаны туралы куәліктер тек электрондық форматта беріледі.