Қоғам

«Германияда босануын талап етті»: Айгүл Сайлыбаеваның анасы істің мән-жайын айтты

Айгүл Сайлыбаеваның артында бір қызы қалды/ фото: instagram.com/aigul.kaida

Германияда қайтыс болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның енесі мен күйеуіне Ресейде қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбақова Динара Сатжанға берген сұхбатында айтқан.

Оразбақованың айтуынша, марқұмның енесі Наталья Донцова қылмыс жасалған күні Германиядан Ресейге кетіп қалған. Яғни, мәйіт табылған кезде елде болмаған. Сол себепті әлі күнге дейін оған қатысты ешқандай шара қолданылмаған.

«Наталья Донцованың нақты тұрып жатқан жері анықталды. Ол Ресейдің Мәскеу қаласында жасырынып жүр. (…) Бұл факт бойынша Ресейде қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ, себебі адам өлтіру фактісі бойынша іс Германияда, яғни қылмыс жасалған жерде тергеліп жатыр. Ал Қазақстанда Айгүлге қатысты күйеуі мен енесі тарапынан жасалған «қинау» фактісі тергеліп жатыр», – дейді Оразбақова.

Сөзінше, қазір жәбірленуші тарап Ресейде адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.

«Германия тарабы қылмыстық іс материалдарын бермеді, сол себепті Ресейде тергеу жүргізу мүмкін болмай отыр. Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінде қылмыс басқа елде жасалса да, Ресей азаматтарын өз елінде жауапқа тартуға мүмкіндік беретін бап бар», – дейді адвокат.

Айгүл мен Александр қалай танысқан

Сұхбат барысында марқұмның анасы Шолпан Баткалова қызы мен күйеу баласының қалай танысқанын айтып берді.

«Айгүл 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Англияға оқуға түсті. Александрмен сол жылы кітапханада танысыпты. 2016 жылы оқуын бітіріп келгеннен кейін тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. Алысқа кетудің қажеті жоқ екенін айтқан едік, бұл тақырыпты қайта қозғамады. Артынша конкурстан өтіп, судья болды. 2019 жылы қарашасында тұрмысқа шығу тақырыбын қозғады. Біз де қуандық. Германияда тұратын Александр Донцов деп айтты. 2019 жылы желтоқсанда Александр туған-туыстарымен бірге құда түсіп келді», – дейді анасы Шолпан Баткалова.

Екеуі заңды некеге 2020 жылы Мәскеуде отырған. Алайда біраз уақыт екі елде тұрған.

«2021 жылдың мамырында ғана Германияға ұшты. Ол кезде ішінде 7 айлық бала бар еді. Күйеуі Германияда босануын талап етті. (…) Барған кезде қарым-қатынасынан ештеңе байқамадық. Босанғаннан кейін жанына бардық, бірақ бөлек пәтер жалдап тұрдық», – дейді анасы.

Айта кетейік, ерлі-зайыптының қызы Жаклин – Германия азаматы.

Айгүл Сайлыбаеваның қазасы

Айгүл Сайлыбаева 2024 жылы 3-4 маусымда хабарсыз кеткен. 16 маусымда пышақталған денесі қала шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.

2025 жылдың Сайлыбаеваның бұрынғы күйеуі мен енесінде Қазақстанда іздеу жарияланды.