Жаңалықтар

«Мемлекетпен соттасу деген ой болмады»: Эльмира Төлегенова ағынан жарылды

Блогеры Жанабыловы отправлены под домашний арест по делу с розыгрышами
Жанабыловтар сотта тағылған айыпты ішінара мойындады/фото: Instagram

Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. 2026 жылдың 14 сәуіріндегі сот отырысында Эльмира Төлегенова тағылған айыпты ішінара мойындап, «мемлекетпен соттасу» туралы ойы болмағанын жеткізді.

«Кінәмді мойындаймын, өкінемін. Сол кезде қол қоймағаныма өкінемін. Осы жерде тұрғанымыз өте өкінішті. Қоғам талқысы, БАҚ, пікірлер… Психикама әсер етіп жатыр. Әрекетіме жауап беруге дайынмын. ҚК 218-бабын қосқаны қынжылтады. Мен ол ақшаны шешкен жоқпын. (…) «Ұры», «ақша төлегісі келмеді», «мемлекетпен соттасқысы келді» деп жазып жатыр. Ондай ойымыз болған жоқ», – дейді Төлегенова.

Айта кетейік, ерлі-зайыпты қылмыстық кодекстің 214 (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) негізінде айыпталып отыр.

Бұған дейін прокурор Олжас Хайруллаев қылмыстық іс бойынша сот сараптамасы жүргізілгенін, соған сәйкес блогерлердің 247 млн теңгені қылмыстық жолмен тапқаны анықталғанын айтты.

«Одан бөлек 60 млн теңгені депозитке салып, одан 560 мың теңге пайда тапқан», – деді мемлекеттік айыптаушы Хайруллаев.

Соттағы жауабында Төлегенова депозиттің 2024 жылы ашылғанын айтты. Ал ақшаны ЖШС-ның бір шотынан екінші шотына аударған.

«Тергеуші жасаған қорытындыда «ақшаны жасыру мақсатында аударған» деп көрсеткен. Алайда қаражат ЖШС шоттары арасында аударылған.

Бізді қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша 560 000 теңгені заңдастырды деп айыптап отыр. Ол қаражат қазір де  де сол шотта тұр», – дейді Эльмира Төлегенова.

Сөзінше, ақшаны жасыру немесе заңдастыру, пайда табу туралы ойы болмаған.

«Жай ғана 560 000 теңгені ойланбастан аудардым, ешкіммен ақылдаспадым. «Депозитте тұра берсін, қажет кезде қайта есеп шотқа аударамын» деп ойладым. Адамдар шоттары арасында ойланбастан ақша аудара береді ғой», – дейді сотталушы.

Бұған дейін ерлі-зайыпты тағылған айыпты ішінара мойындады.