
Айдарбек Сапаров басқаратын Ауыл шаруашылық министрлігі шегірткелерге қарсы «дрон соғысын» бастады.
Миллиардтаған шегірткеге қарсы 100-ден аса дрон қарсы тұрмақ.
Министрлік зиянкестеріне қарсы күрес маусымына дайындық аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары паркін әзірлеу жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады.
«Биыл ауыл шаруашылығы алқаптарын нүктелік әдіспен химиялық өңдеу үшін 46 агродронды пайдалану жоспарланған. Үйірлі шегіртке түрлері дала, шөл және таулы аймақтарда, сондай-ақ өзен аңғарларында таралады. Мұндай жерлерде жерүсті техниканы қолдану қиындық тудырады», – делінген ақпаратта.
Сондықтан ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану зиянкестер ошақтарын жедел анықтауға мүмкіндік бермек. Мониторинг жүргізуді едәуір жеделдетеді. Сосын зерттелетін аумақтардың қамту аясын кеңейтеді.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізетін Фитосанитариялық қауіпсіздік және болжамдар әдістемелік орталығының техникалық паркі айтарлықтай кеңейген. Айталық, былтыр орталық 2024 жылдың соңында сатып алынған 7 дронды пайдаланса, 2025 жылдың желтоқсанында қосымша 50 құрылғы сатып алыныпты.
Айта кететін жайт, Айдарбек Сапаров шаруа қожалықтарын бөліп-жармай бәріне бірдей көмек берілетінін айтқан еді.