Авто

Павлодар қаласының жолаушыларын қытай автобустары тасиды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов
Автобус рөлінде отырған әкім Асайын Байханов / фото: gov.kz

YUTONG қытай автобустары Павлодар қаласының жолаушыларына қызмет көрсете бастады. Облыс әкімі Асайын Байханов солардың бірінің рөліне отырып көріп, қоғамдық көліктегі тұрғындармен тілдесті.

Қытай көліктері

14 сәуірде Павлодар қаласын аралаған әкім Байханов облыс орталығының инфрақұрылым жобаларымен танысты. «Павлодар автокомбинаты» мекемесі шенеунікке YUTONG маркалы 15 жаңа автобусты таныстырды.

«Жаңа көліктер экологиялық Еуро-5 стандартына сәйкес келеді. 36 орынға есептелген және ГЛОНАСС жүйесімен, аудио және бейнежүйелермен, салқындатқышпен, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған пандуспен жабдықталған», – деп сипаттады облыс әкімдігі.

Байханов қытай автобустарының келуімен облыстың үш қаласындағы қоғамдық автокөлік паркі 100% толық жаңартылғанын атап өтті.

Беларусь трамвайлары

Бұған қоса, әкім қаланың трамвай басқармасына барып, Беларусьтен жеткізілген 10 жаңа трамвай вагонының алғашқы төрт вагонымен танысты.

Қазір трамвай желісінде 109 көлік қатынайды. Оның ішінде 70 вагонның пайдалану мерзімі өткен. Жергілікті билік алдағы бірнеше жылда ескірген 65 вагонды ауыстыру және қалғандарын кезең-кезеңімен жаңғыртуды көздеп отыр.

Бұған дейін Kursiv.Media әкім Асайын Байханов өңірге Google, Meta, Apple сияқты IT алыптарын тартқысы келетінін жазған.