Жаңалықтар

Қашағандағы жаңа газ өңдеу зауыты жыл соңына дейін іске қосылады

фото: ашық дереккөзден

Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы осы жыл соңында толық аяқталмақ. Үкімет отырысында баяндама жасаған энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осындай мәлімдеме жасады.

Бұл жоба «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп әзірленген 2035 жылға дейінгі перспективалы көмірсутек кен орындарын игеру жоспарының аясында іске асырылмақ.

Мұнай өндіру төмендеді

Осы жылдың алғашқы үш айында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 миллион тонна болды. Көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендеуі (80,2%) Каспий құбыр консорциумы мен Теңіз кен орнындағы жағдайларға байланысты деп түсіндіреді министр.

Дегенмен, Ақкенженовтың сөзінше, 2026 жылы мұнай өндірісін 76 миллион тоннаға жеткізуді жоспарланған. Осы мақсатта Қарашығанақта шикі газды кері айдаудың 6-шы компрессорын іске қосу жұмыстары жалғасады, бұл өндірісті тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Мұнай өңдеу зауытын салу жеделдейді

Мұнай өңдеу саласында да ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Тоқаевтың тапсырмасынан кейін қуаты 10 миллион тонналық жаңа мұнай өңдеу зауытының жобасы жедел қолға алынды. Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының қуаты да едәуір кеңейеді.

Газ және мұнай-газ химиясы саласында да маңызды межелер белгіленген. Жыл басынан бері 13,6 миллиард текше метр газ өндіріліп, ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 8,8 миллиард текше метрге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 108,6%-ға жоғары. Ал мұнай-газ химиясы бойынша полипропилен өндірісін биыл 450 мың тоннаға, ал 2026 жылы 580 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Электр энергетикасы секторында тапшылықты жою үшін 2026 жылға қарай қосымша 2,4 гигаватт қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Соның ішінде Түркістан облысы мен Алматы қаласындағы (ЖЭО-2 және ЖЭО-3) бу-газ қондырғылары ең ірі нысандарға айналады. Сондай-ақ, Қызылорда, Атырау және Текелі қалаларындағы энергетикалық нысандарды кеңейту мен жаңа агрегаттарды енгізу жұмыстары еліміздің энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Қашағандағы зауыты – еліміздегі құрылысы жүріп жатқан төрт іші газ зауытының бірі. Құрылысы кешігіп, ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілген еді. Тоқаев та бұл жобаның мерзімінен кешіккенін сынға алған.

Бірақ былтыр күзде QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов зауыт 2026 жылы желтоқсанда пайдалануға беріледі деп уәде берді.