
Қазандағы (Татарстан, РФ) оқ-дәрі зауытында қатты өрт шығып, салдарынан ғимарат қираған, деп хабарлайды РИА Новости.
«Қазандағы оқ-дәрі зауытындағы өрт салдарынан құрылымның бір бөлігі қирады», – делінген Татарстан басшысының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Екі адам зардап шегіп, олар Республикалық клиникалық ауруханаға және Қазан қалалық №7 ауруханасына жатқызылды. Күйік шалған бір әйелдің жағдайы ауыр.
«1989 жылы туған зардап шегуші ауыр халде жатыр, ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Әйел адамның денесін күйік шалған және қосалқы жарақаттары бар», — деп хабарлады ауруханадан.
Татарстан басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаның себебі техногендік сипатқа ие. Өндірістің технологиялық процесі тоқтатылған жоқ.
Қазан оқ-дәрі зауыты — Ресейдегі ең көне оқ дәрі кәсіпорны. Ол қару-жарақтың барлық түріне дерлік оқ-дәрі мен зарядтар, сондай-ақ, пиротехникалық бұйымдар, отшашулар, нитроцеллюлоза, желім және лак-бояу материалдарын шығарады. Зауытта ең көне химиялық зертханалардың бірі жұмыс істейді.