
Алматы облысының орталығы мен сегіз ауылында тоғыз жаңа мектеп салынады. Өңір әкімдігі тоғыз ғимараттың құрылысына шамамен 59,3 млрд теңге бөлуді көздеп отыр.
Тендер ойнатылады
Алматы облысының әкімдігі 13 сәуірде Мемлекеттік сатып алулар порталына тоғыз лот орналастырды. Олардың бәрі мектеп құрылысына арналған.
Тендер ережелерін талқылау ертең аяқталып, сол күннен бастап қымбат лоттарға өтініш қабылдау басталады. Байқауға қатысушы құрылыс компанияларын тіркеу жұмысы 22 сәуірде аяқталады.
Жоспар бойынша, байқау қорытындысы 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталып, биыл жазда құрылыс басталуға тиіс. Ал дайын мектептер 36 айдың ішінде, яғни 2030 жылы тапсырылуы керек.
Қай ауыл мен қалада жаңа мектеп салынады
Алматы облысының тоғыз елдімекенінде тоғыз жаңа мектеп салынады. Олардың біреуі облыс орталығында, қалғандары ауылдарда орналасқан. Жаңа мектептер салынатын елдімекендер:
- Өтеген батыр ауылы: 1200 орынға арналған мектеп, қаражат – 7 451 724 137 теңге;
- Байсерке ауылы: 1200 орынға арналған мектеп, қаражат – 7 451 724 137 теңге;
- Қонаев қаласы: 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге;
- Тоқпанов ауылы: 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге;
- Қырғауылды ауылы: 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге;
- Екпінді ауылы: 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге;
- Жайнақ (бұрынғы Комсомол): 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге;
- Қарғалы ауылы: 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге;
- Бәйтерек ауылы: 900 орынға арналған бір мектеп, қаражат – 6 342 241 379 теңге.
Бір күнде жарияланған, құжаттары мен талаптары шамалас тендерлердің бәріне шамамен 59,3 млрд теңге аударылады.
Құрылыс компаниясына қойылатын талаптар
Тендер жеңіп алған компания мектеп ғимаратын 2030 жылдың шілдесіне дейін аяқтап, жаңа оқу маусымына дайын нысанды тапсыруға тиіс. Сатып алу порталында ғимараттың нақты техникалық сипаттамасы анық көрсетілмегендіктен, оның қанша қабаттан тұратынын, кескіні мен мазмұнын білу мүмкін болмай тұр.
Дегенмен байқау жеңімпазы ғимаратқа жарық, су және газ тартып, кәріз жүйелерінің бәрін аяқтап беруі керек.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде 484 орта мектеп, 40 колледж бар. Мектеп тапшылығына байланысты, отыз мектепте балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр.