
14 сәуірде таңертең BYD қытай компаниясының Шэньчжэнь зауытында өндіріс кешені өртенді. Reuters мәліметінше, оқыс оқиғадан адам зардап шеккен жоқ.
Өрт сейсенбі күні таңертең ерте тұтанған. BYD компаниясы зауытта оқыс оқиға болғанын растады.
Автоалып таратқан мәліметке қарағанда, өндіріс кешеніндегі автотұрақ өртенген. Мұнда сынақтан өткен, ескі көліктер тұрған.
Шэньчжэнь қаласының Пиншань ауданындағы өндіріс кешені өртеніп жатқанын бірінші болып жергілікті құтқару қызметі хабарлаған. Автокомпанияның бас кеңсесі де осы ауданда орналасқан.
Осы оқиғадан соң, Reuters дерегінше, BYD акциялары 0,6%-ға төмендеді.
Қытайдың ірі қаласындағы өрт туралы видеолар әлеуметтік желілерде тарады. Онда будақтаған қара түтін көкке көтеріліп жатқанын, бірнеше қабаттан тұратын гараждың жоғары жағын қызыл от жалмағанын көруге болады.
Сарапшылар электр көліктері басқа да машиналарға қарағанда ұзағырақ жанатынын, оны сөндіру оңайға түспейтінін айтып отыр.
Бұған дейін Kursiv.Media BYD-дің Yuan Up гибриді Қазақстан нарығына 2026 жылдың екінші жартысында шығатыны туралы жазған.