
Биыл жазда Семей қаласының 40 мыңнан астам тұрғынына алғаш рет ыстық су беріле бастайды. Бұған дейін олар жылыту маусымы басталғанға дейін суық суға қанағат тұтатын.
Қала тарихында алғаш рет
Абай облысы әкімдігінің хабарлауынша, Семей қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Берік Уәли 2025 жылы шаһар тұрғындарын жаз кезінде ыстық сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шешуге уәде берген.
Мәліметтерге қарағанда, 2025 жылы 12,6 млрд теңгеге 23 жылу орталығы мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді.
«Тозған жылу желілері толық ауыстырылып, қайта жаңартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл алғаш рет Семей қаласын жаз мезгілінде ыстық сумен қамтамасыз етуді қолға алып отырмыз», – деді Уәли.
Әкім мұндай жұмыс облыс орталығында «бұрын-соңды қолға алынған жоқ» деп отыр.
Жылы су кімге беріледі
Семейде биыл жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, тұрғындарға ыстық су беру кезең-кезеңімен бірнеше жылу көздері арқылы жүзеге асырылады. Сол жағалауда ЖЭО-1 арқылы 252 көпқабатты тұрғын үй, оң жағалауда Ғаббасов қазандығынан – 186 үй, «МЭН» қазандығынан – 43 үй, ал РК-3 арқылы 120 тұрғын үй ыстық сумен қамтылады.
Қазір облыс орталығында 1588 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 1317-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Қазір 697 тұрғын үйде ыстық сумен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді. Жазғы кезеңде 600-ден астам көпқабатты тұрғын үй, яғни 40 мыңнан астам абонент ыстық сумен қамтамасыз етіледі.
Ыстық сусыз үйлер
Сонымен бірге жылу желілерін жаңалауға байланысты 96 көпқабатты тұрғын үйде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң қызмет толық қалпына келтіріледі.
Қалада әлі 620 тұрғын үйде ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ. Әкімдік осы мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Бұл уақытта Алматы қаласында 1 сәуірден бастап жылу және ыстық су тарифі көтерілді.