Жаңалықтар

Түркияда жасөспірім бұрынғы мектебіне қарумен келіп, 16 адамды жаралады

Қарулы жас жігіт мектеп алдында тұр
Көрнекі сурет / фото: shutterstock

14 сәуір, сейсенбі күні Түркияның оңтүстік-шығысында орта мектердің бірінде оқыс оқиға болды. Жасөспірім білім беру мекемесіне қарумен келіп, кем дегенде 16 адамды жаралады. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.

Оқиға Шанлыурфа провинциясындағы Сиверек қаласында болған. Жергілікті кәсіби-техникалық училищеге мылтық асынып келген 18 жастағы бозбала мекемедегі адамдарға оқ атқан. Содан кейін ғимарат ішінде жасырынып қалған. Артынша өзінің қаруымен өз-өзін атып өлтірген. Өңір губернаторы Хасан Силдак осылай дейді.

NTV түрік телеарнасының мәліметінше, оқ тигендердің бірі – мұғалім әйелдің жағдайы ауыр.

Бозбаланың мұндай қадамға не себепті барғаны әзірге белгісіз. Түркияда мектептегі атыс өте сирек болатын оқиға.

Телеарна дерегінше, шабуылдаушы өз еркімен берілуден бас тартқан соң, оқиға орнына полицияның арнайы жасағы шақыртылған. Ал студенттер мен қызметкерлер эвакуацияланған.

NTV таратқан видеолардан ондаған оқушының мектептен жүгіріп шығып жатқанын көруге болады.

Естеріңізге сала кетейік, бір апта бұрын Израильдің Ыстанбұлдағы консулдығы маңында атыс болып, екі адам қаза тапқан.