
Атырау қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік сатып алу порталында тендер жариялаған.
Онда 10 калькуляторды 3 млн 925 мың теңгеге сатып алмақ болған.
Kazinform ақпаратына қарағанда, тендерге қатысуға екі кәсіпкер қызығушылық танытқан.
Порталда жарияланған техникалық сипаттамада калькуляторлардың нақты ерекшеліктері көрсетілмеген. Тек олардың бухгалтерлік калькулятор екені ғана жазылған. Жеңімпаз компания тауарды тапсырыс берушіге 15 күн ішінде жеткізуі тиіс болған.
Алайда тендер кейіннен тоқтатылды. Белгілі болғандай, тауардың құнын көрсету кезінде мамандар қателік жіберген. Бөлім қызметкері 8 сәуірде жарияланған хабарландырудағы қателікті келесі күні байқап, тендерді кері қайтарып алған.
«Қазіргі уақытта жіберілген қателіктер түзетілді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне сәйкес хабарландыруды қайта жариялау жоспарланып отыр. 10 калькулятор сатып алуға 39 258 теңге қарастырылған», – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кететін жайт, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы 8 наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылуы тиіс іс-шараға 53,6 млн теңге жұмсамақ болған. Концерт ұйымдастыруға ешкім қызығушылық таныптағандықтан, тендер өтпей қалған.