Жаңалықтар

Атырау полиция басқармасының бастығы ұсталды

Атырау полиция басқармасының бастығы ұсталды / Фото: gov.kz

Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы Бақтыбек Исаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады ІІМ.

«Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жоспарлы қызметтік тексеріс барысында Атырау қаласы полиция басқармасы бастығының тарапынан құқыққа қайшы әрекеттер фактілері анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгіленген тәртіппен ол теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жария етуге жатпайды.

13 сәуірде ІІМ тәртіпті өрескел бұзғаны үшін қалалық полиция басқармасының бастығы, сондай-ақ облыстық департаменттің өзіндік қауіпсіздік және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының басшылары қызметтерінен шеттетілгенін хабарлаған болатын.

Бақтыбек Исаев құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Бірнеше басшылық қызметтерді атқарған, Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы болғанға дейін Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.