Жаңалықтар

Бибісара Асаубаева және Жавохир Синдаров: жай ғана дос па

Бибісара Асаубаева және Жавохир Синдаров
Шахмат әлемі Жавохир мен Бибісара қарым-қатынасын талқылап жатыр / фото: Telegram/bibisarachess

Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров Әлем чемпионы атағына үміткерлер турнирінің сенсациясына айналды. Қазақ гроссмейстері бүгін кешке ең соңғы шешуші матчын өткізсе, өзбек шахматшысы жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда жеңімпаз атанып үлгерді. Бірақ шахмат әлемі олардың жетістігін ғана емес, екеуінің қарым-қатынасын да көбірек талқылап жатыр.

Романтикаға толы суреттер

Қазақ қызы мен өзбек жігітін шахматтан бөлек тағы не байланыстырады? Екеуінің әлеуметтік желілерге жүктелген лифтлуктері нені білдіреді? Бибісараның Жавохир туралы әр жазбасындағы «алқызыл жүрек» смайлын қалай түсінуге болады?

Көпшілікті осы сұрақтар мазаласа, бірқатары болжам жасап үлгерді.

Бибісара Асаубаева және Жавохир Синдаров
Бибісара осы суретке «менің чемпионым» деген сипаттама қалдырды / фото: Telegram/bibisarachess

Бір күн бұрын Асаубаева әлеуметтік желілердегі парағына өзбек жігітімен түскен тағы бір суретін жариялап, оған «менің чемпионым» деген атау берді. Расында, қарсыластарының бәрінен басым түскен Синдаров үміткерлер турнирін уақытынан бұрын аяқтады. Енді ол үндістандық шахматшы Доммараджу Гукешпен жекпе-жек өткізіп, әлем тәжін сарапқа салады.

Шахмат жұлдыздары

20 жастағы Жавохир Синдаров Ташкентте туған. 12 жасында гроссмейстер атанған. Ал 2025 жылы FIDE Әлем кубогында жеңіске жетіп, үміткерлер турниріне өтті.

22 жастағы Бибісара Асаубаева Тараз қаласында туған. Ол бар болғаны 7 жасында FIDE шебері атанып, осындай дәрежеге жеткен ең жас шахматшы ретінде тарихқа енген. Блицтен әлемнің үш дүркін чемпионы (2021, 2022, 2025). Басқа да жетістіктері жетіп жатыр.

Бибісара Асаубаева және Жавохир Синдаров
Шахмат жұлдыздары фото: Telegram/bibisarachess

«Sindarov’s girlfriend»

Былтырдан бері Бибісара мен Жавохир шахмат жарыстарында жиі бірге көрініп жүр. Басында жанкүйерлер оны көрші елдерде тұратын шахматшылардың жай ғана достығы деп қабылдаған.

Дегенмен 2025 жылдың аяғында рапидтен әлем чемпионы өтіп жатқан уақытта көпшілікті елең еткізген бір оқиға болды. Гроссмейстер Питер Леко FIDE-нің ресми көрсетілімінде Бибісараны «Sindarov’s girlfriend», яғни Синдаровтың қызы деп атады. Содан бері бүкіл шахмат әлемі екеуінің жүріс-тұрысын аңди бастады. FIDE ұйымы да жас жұлдыздардың шахматқа көп аудитория жинағанына мүдделі сияқты көрінеді.

Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров
Бибісара шахмат тақтасына емес, артындағы Жавохирге қарап отыр / фото: FIDE

Алайда Асаубаева да, Синдаров та екеуінің қарым-қатынасын роман деп ресми түрде жариялауға асығар емес.

Бибісара Асаубаева Чемпионат атағынан үміткерлер турнирінде көш бастап келеді. 15 сәуірде кешке ол шахматтағы мансабындағы ең маңызды кездесулерінің бірін өткізеді. Шешуші матч Астана уақытымен сағат 17:30-да басталады. Жавохир бүгінгі ойында «Сараға көмектесуге тырысам» деп мәлімдеп үлгерген.