
FlyArystan әуекомпаниясы 29 тамызға дейін Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстерін тоқтатты, делінген әуе тасымалдаушының хабарламасында.
Рейстердің тоқтатылуы Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты.
«Тоқтатылған рейстер жолаушыларына билет құны толық көлемде, айыппұлсыз, сатып алынған орын бойынша қайтару қолжетімді», – деп атап өтті әуекомпаниядан.
Билеттерді ресми сайтта немесе FlyArystan мобильді қосымшасында рәсімдеген жолаушылар ақшаны қайтаруды өз бетінше онлайн рәсімдей алады. Турагенттіктер мен басқа да сату арналары арқылы сатып алған жағдайда, билет сатып алынған жерге хабарласу қажет.
Бұған дейін Air Astana Дубайға тұрақты рейстердің тоқтатылуын 30 сәуірге дейін ұзартқаны хабарланған болатын.