
Молдова 2027 жылғы 8 сәуірде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан ресми түрде шығады, Минскіге тиісті хабарлама жіберіліп қойды. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді.
«Президент Майя Санду Молдованың ТМД-ға қатысуы туралы келісімдердің күшін жою туралы парламент шешімдерін бекіткеннен кейін, 8 сәуірде Минскідегі хатшылыққа хабарлама жіберілді. Біз оның алынғаны туралы растауды қабылдадық, 2027 жылдың сәуірінде республика ТМД-дан ресми түрде шығуы тиіс», – деді министр.
Республика парламенті ТМД-дан шығу себебін Еуроодаққа интеграциялану бағытымен байланысты деп түсіндірді. Бүгінгі таңда Молдова ТМД-ның 283 келісімінің 71-інің күшін жойды, ал 60-қа жуығы қарастырылу процесінде.
Ел парламенті Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) құрамынан түпкілікті шығару туралы шешімді сәуірдің басында қабылдаған. Осылайша ТМД құрамында сегіз ел қалды. Олар: Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан.