Жаңалықтар

Былтыр табысын еселеп арттырған Bereke Bank дивиденд төлемейді

Қатарлық инвесторға дивиденд төлемейді / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Былтыр табысын еселеп арттырған Bereke Bank 2025 жыл үшін дивиденд төлемейді. Мұндай шешімді қаржы ұйымының жалғыз акционері – Lesha Bank қабылдаған. Осылайша банктің 2025 жылғы 63,1 млрд теңге таза пайдасы банк иелігінде қалатын болды.

Bereke Bank үшін 2025 жыл айтарлықтай табысты болды. Қаржы ұйымының таза пайдасы бір жыл ішінде төрт есе өсіп, 63,1 млрд теңгені құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш алдыңғы жылы 16,2 млрд теңге болған.

Банктің түпкілікті бенефициарлары – қатарлық кәсіпкерлер Мутаз мен Рамез Аль-Хаяттарға тиесілі Power International Holding компаниясы. Олар бұрынғы ресейлік «Сбербанктің» еншілесі болған қаржы институтын 2024 жылы «Бәйтерек» холдингінен 65 млрд теңгеге сатып алған.

Қатарлық инвесторлар банктен бөлек, 2025 жылы Tele2 және Altel брендтеріне иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» мобильді операторының 100% акциясын 1,1 млрд долларға сатып алған.