Жаңалықтар

Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаржысы неге 2,6 трлн теңгеге азайғанын түсіндірді

Қор қаржысы неше азайды/ Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаржысы бір айда неге 2,3 трлн теңгеге азайғанын түсіндірді. Министрліктің Kursiv.Media ресми сауалына берген жауабына сәйкес, қазір қордың теңгедегі актив көлемі 37,3 трлн теңгені құрап отыр.

Көрсеткіштердің өзгеруіне не себеп

Министрлік мәліметінде, қор көлемі динамикасына бірнеше техникалық және экономикалық фактор әсер еткен.

2026 жылдың басындағы есепте қор көлемі 2025 жылдың тек 9 айындағы инвестициялық кірісті ғана қамтыған болатын. Ал 1 сәуірдегі деректерде 2025 жылдың толық 12 айының қорытындысы ескеріліп, көрсеткіштер қайта есептелген.

Екіншіден, 2025 жылдың IV тоқсанында ұлттық валюта – теңге бағамы нығайған. Ұлттық қор активтері негізінен шетелдік валютада сақталғандықтан, теңге нығайған кезде оларды қайта есептеу барысында «теріс бағам айырмасы» пайда болады. Бұл бухгалтерлік есепте қордың теңгелік мәндегі көлемінің төмендеуіне әкеп соқты.

Сонымен қатар қордағы қазіргі қаржы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында балалардың есепшоттарына аударылатын мақсатты міндеттемелерді де ескере отырып қалыптастырылған.

Министрлік Ұлттық қордың тиімділігін теңгемен емес, АҚШ долларымен және ұзақ мерзімді кезең ішінде бағалау маңызды екенін атап өтеді. Ресми есептілік заң бойынша теңгемен жүргізілгенімен, қор активтері халықаралық нарықтарда басқарылады.

Есеп беру жүйесіне енгізілетін өзгерістер

Қаржы министрлігі ҚР Ұлттық банкімен бірлесе отырып, Ұлттық қордың түсімдері мен пайдаланылуы туралы жедел есептерді ай сайын жариялап тұрады.

Бұрын жарияланған (ақпан-сәуір айларындағы) деректер Ұлттық банк инвестициялық кірістің нақты сомасын бекіткеннен кейін өзгерген.

«Болашақта деректерді қайта жариялауды немесе екіұштылықты болдырмау үшін министрлік нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізбек. Жаңа ереже бойынша, Ұлттық қордың есебі тек Ұлттық банк инвестициялық кіріс туралы нақты деректерді бекіткеннен кейін ғана ресми түрде жарияланатын болады», – деді вице-министр Дәурен Темірбеков.

2026 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, Ұлттық қор активтері 37,3 трлн теңгені құрады. Бұл қаржыға қордың 2025 жылы тапқан инвестициялық табысы да кіреді. Алайда Қаржы министрлігінің наурыз айындағы есебінде қор қаржысы 39,9 трлн теңгеге жуықтағаны жазылған (ол кезде 9 айдың инвесттабысы қоса есептелген еді).

Яғни ресми есепке сәйкес бір айда қор қаржысы 2,6 трлн теңгеге азайғандай. Алайда 6 сәуірде жарияланған есеп ертесі күні министрлік сайтынан жоғалып кетті де, кейін қайта жарияланды.