Жаңалықтар

Неке жүзігі бір жылда екі есе қымбаттады

неке жүзігі қымбаттады
Қазақстанда неке жүзігі қымбаттады/фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Наурыз айының қорытындысы бойынша алтын неке жүзігінің бағасы бір айда 5,5%-ға өссе, бір жылда 45%-ға қымбаттаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Өңірлер бойынша қарасақ, Маңғыстау облысында неке жүзігі аса қымбаттамаған. Облыстағы баға 14,5% көтерілсе, Шымкентте – 29%, Астанада 29,9% өскен. Жас жұбайларға арналған сақиналардың бағасы Ұлытау облысында қатты қымбаттап, бір жылда баға 71%-ға көтерілген.

Сонымен қатар Қазақстанда зергерлік бұйымдар өндірісі артып келеді. 2024 жылмен салыстырғанда, 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан аралығында өндіріс көлемі 7,7% өсіп, 2,7 млрд теңгені құрады.

Айта кетейік, елімізде 1 грамм алтынның теңгедегі құны өсім көрсетіп отыр. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 15 сәуірде алтынның бір граммы 73 176 теңгені құрайды.