
Қырғызстан билігі жуырда ел аумағында Starlink спутниктік интернеті қосылатынын жариялады. SpaceX компаниясы өкілдерімен келіссөздер Вашингтонда өтті. Бұл туралы қырғыз үкіметі хабарлады.
Ресми кездесу
Қырғызстан Орталық Азияда Starlink спутниктік интернетін қосқан үшінші ел атанады. Бұған дейін оған Қазақстан мен Тәжікстан қосылған. Өзбекстан мен Түркіменстан да 2026 жылы кіруге тиіс.
Қырғыз үкіметінің мәліметінше, үкімет басшысы Адылбек Касымалиев 14 сәуір күні АҚШ-та SpaceX компаниясының Starlink бойынша аға директоры Райан Гуднайтпен кездесті. Олар ел аумағында спутниктік интернетті іске қосу жұмыстарын аяқтау мәселесін талқылады.
Атап айтқанда, Starlink компаниясы тиісті талаптардың бәрін орындап, құзырлы мемлекеттік органдармен келісімдерге қол қойған.
Вашингтондағы кездесу барысында спутниктік интернет жақында қосылатыны айтылды. Starlink әзірге сынақ түрінде қосылады. Оған спутниктік интернет қызметін ұсынушы компаниялардың бәрі қатыса алады.
Starlink картасы кеңейеді
SpaceX компаниясының Starlink қызметіне қатысты картасында Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан спутниктік интернетке 2026 жылы қосылатыны айтылған. Ол Тәжікстанда биыл ақпанның басында жұмыс істей бастаған.
Қазақстан ресми түрде 2025 жылғы тамыз айында Starlink-ті қосты. Алғашқы уақытта ауыл мектептері спутниктік интернетке қосылып көрді. Қазір азаматтар мен ұйымдар оның қызметін еркін қолдана алады.
Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанда Altel, Tele2, Beeline тарифтері қымбаттаса, Starlink спутник интернеті арзандап жатқаны туралы жазған.
SpaceX әлемдегі ең бай адам Илон Маскке тиесілі компания.