
Қытайлық мұнай-газ алыбының еншілес компаниясы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» – Ақтөбе облысындағы жаңа «Северный-1» кен орнын барлайтын болады. Барлау жұмыстарына 3,5 млрд теңге инвестиция салуға дайын екендіктерін Энергетика министрлігі хабарлады.
Энергетика министрлігі Ақтөбе облысындағы «Северный-1» жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіруге келісімшартқа қол қойды. Келісімнің қатысушылары – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және QazaqGaz компаниялары.
Келісімшарт аясында 2D және 3D барлау жұмыстары, сондай-ақ іздеу ұңғымаларын бұрғылау қарастырылған. Жұмыстарға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 3,5 млрд теңгені құрайды.
Мәміле қатысушылары бұл учаскенің көмірсутектердің жаңа қорлары бойынша әлеуеті зор деп есептейді. Атап айтқанда, әңгіме табиғи газ туралы болып отыр. Энергетика министрлігі бұл келісімшарт мемлекетаралық экономикалық іс-қимылдың дамуын көрсететінін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылдың жазында қытайлық делегацияның Астанаға сапары аясында «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» және QazaqGaz «Северный-1» учаскесінде бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл ретте бірінші кезеңдегі барлаудың барлық шығындарын қытайлық тарап өз мойнына алуы тиіс.
Бұған дейін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай компаниясы Ақтөбе облысындағы Ақжол кен орнында қосымша бес бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспары туралы хабарлаған еді.