
Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған мамырда іcсапармен Қазақстанға келеді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық серіктестік бойынша үкіметаралық комиссия отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айты.
«Осыған байланысты біз Түркия Президентінің мамыр айында Қазақстанға жасалатын мемлекеттік сапарын ерекше ықыласпен күтеміз. Бүгінгі Үкіметаралық комиссия отырысы Түрік мемлекеті басшысының алдағы сапарының мазмұнын байытуға қомақты үлес қосып, жаңа бастамалар әзірлеуге септігін тигізеді деп сенемін», – деп толықтырды ол.
Бектенов Астананың Түркиямен қарым-қатынасқа ерекше назар салатынын, болашақта екі елдің арасында жаңа мүмкіндіктер де болатынын атап өтті.
Осы жылы ақпанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Анкараға ресми сапармен барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдауында болды.
Ал наурызда Тоқаев Ердоғанмен телефонмен сөйлескен. Сол кезде түркі елінің басшысы мамырда Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына және осы сапар аясында өтетін жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына айрықша мән беретінін айтқан.