
Алматы облысы, Қарасай ауданында қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Нысан жылына 450 мың тонна қалдықты сұрыптап, 14 мың тонна шикізатты өңдеп шығара алады деп хабарлады облыстық әкімдік.
«ONDEU» деп аталатын зауыт Әйтей ауылында салынады. Бұл округ таңдалуы бекер емес. Дәл осы елдімекен маңындағы полигонда 40 жыл бойы қоқыс жиналған.
«Қалдық көлемі күннен күнге артып барады. Ал оны жай ғана жинап қою – мәселені шешу емес, оны уақытша шегеру ғана. Сондықтан бізге қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін жүйелі шешім қажет», – деді облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев зауыттың ашылуындағы уақыт капсуласын салу рәсімінде.
Қоқысты төрт бағытта өңдейді
Жоба құны – 15 миллиард теңге. Кешен 5 гектар аумақты қамтиды, құрылысы келесі жылы аяқталуы керек. Қатты тұрмыстық қалдықтар «Suzhou JONO» компаниясының 100 пайыз автоматтандырылған технологиясы арқылы өңделеді. Одан төрт түрлі таза шикізат – шыны, қағаз, пластик және металл бөлініп алынады. Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтардан RDF балама отыны дайындалады.
Сұрыпталған пластиктен одан әрі жаңа өнімдер жасау үшін «Bottle to Bottle» атты тағы бір кешен салынбақшы. Кешен құны – 10,5 млрд тг. «ONDEU» зауытынан шыққан 3000 тоннадан астам пластик осы жерде терең өңдеуден өтеді.
Алматыдағы қоқыс өңдейтін зауыт салынатыны туралы былыр күзде экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтқан. Мұндай нысан Астана мен Шымкентте де пайда болмақшы.