Жаңалықтар

Аса ауыр қылмыс жасаған күдікті бес жылдан кейін ұсталды

Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды/фото: polisia.kz

Қарағанды облысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 43 жастағы ер адам ұсталды. Ол 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, күдікті қала тұрғынын қорқытып, күш қолданып 117 млн теңге бопсалады деп айыпталған.

Күдікті ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан бой тасалап, жасырынып жүрген. Ол Қарағанды қаласының аумағында, жекеменшік тұрғын үйлердің бірінде арнайы жабдықталған жасырын жерден ұсталды, – деді полиция.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін 10 сәуірде «Транстелеком» компаниясын миллиардтаған шығынға батырған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланғанын жазған едік.