
Екібастұзда үш жігіт дәрігерлерді соққыға жықты. Полиция мәліметінше, шабуыл 12 сәуірде болған.
Сол күні таңертең Екібастұз ауруханасының жарақаттану бөліміне көмек сұрап жергілікті тұрғын келген. Оның қасында тағы екі адам бар еді. Олар масаң болған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, еріп келгендер өздерін дөрекі ұстаған және дәрігердің ескертуіне агрессивті жауап берген. Ауруханадан шығудан бас тартып, жас жігіттер дәрігерді ұрып-соға бастаған. Араша түспек болған медбике де дене жарақатын алды», – деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаменті.
Медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызылды. Ал үш шабуылдаушының барлығы оқиға орнында ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды.
«Күдіктілер ұсталды: екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, біреуі арнайы палатаға орналастырылып, полиция күзетінің бақылауында», – деп толықтырды полиция өкілдері.
Еске салайық, 2026 жылдан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Тиісті бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.