
Қазақстанда 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда, деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ).
Таңбалаудың бірыңғай операторы жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаев атап өткендей, шешім бейінді мемлекеттік органдар – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, сондай-ақ, Сауда және интеграция министрлігі жұмысының қорытындысы бойынша қабылданды.
«Қазақстан аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды», – деді ол брифингте.
ОКҚ-да енгізу жұмыстары үш кезеңде өтетінін нақтылады:
- 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап;
- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап;
- 2027 жылғы 1 қазаннан бастап.
Іске қосу алдында пилоттық жобалар мен қоғамдық талқылаулар өткізіліп, оның аясында нарық қатысушылары жүйені сынақтан өткізді. Тұтынушылар үшін NAQTY ONIM тегін мобильді қосымшасы әзірленді. Оның көмегімен таңбалау кодын сканерлеп, өндіруші, тауардың шығу тегі және оның заңдылығы туралы ақпарат алуға болады.
«Ереже бұзушылықтар анықталған жағдайда сатып алушы тікелей қосымшада өтініш қалдыра алады, оны реттеуші орган қарастырады. Осылайша, таңбалау тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар әрбір тұтынушының құқығын қорғаудың нақты механизмі қызметін атқарады», – деп толықтырды Қарабаев.