Қоғам

Қазақстан ХВҚ мен Дүниежүзілік банк кездесуінде жеке алаң ұйымдастырды

Кездесу Вашингтонда өткен

Вашингтонда Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің көктемгі кездесулері өтіп жатыр. Бұл – жаһандық экономикалық басқарудың маңызды оқиғаларының бірі. Осы алаңда әлемдік экономиканың жай-күйі, қаржылық тұрақтылық және даму саясаты талқыланады.

​Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бастамасымен дербес диалог алаңы ретінде алғаш рет «Kazakhstan on the Wave of Reforms» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

​Дөңгелек үстел жұмысына Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қоры мен Еуропа қайта құру және даму банкінің жоғары басшылығы қатысты.

​​Президент кеңесшісі – Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы баяндама жасады. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі қағидаты – әділет, заң мен тәртіп болатын жаңарған ел құруға бағытталған саяси ерік-жігерін ерекше атап өтті.

​Сонымен қатар ол заманауи сын-қатерлерге жүйелі жауап болатын кешенді конституциялық реформалар туралы жан-жақты баяндады.

Олардың қатарында технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, әлемдік экономиканың ауқымы кең трансформациялары және халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылға қатысты өзге де маңызды мәселелер бар.

Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған реформаларға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, президент кеңесшісі – агенттік төрағасы инвесторларға тартымды жағдайлар жасалып жатқанын айтып өтті. Бірқатар ынталандыру шарасы қарастырылған, ел экономикасы үшін маңызы бар жобаларды жеке қарастыратын инвестициялық штаб құрылды. Көші-қон саясаты түбегейлі қайта қаралып жатыр. Ол елде болу үшін қолайлы жағдайлардың жасалуына бағытталған.

Заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және бизнес үшін әділ, тұрақты және түсінікті «ойын ережелерін» құруға бағытталған шараларға баса назар аударылады.

Әсет Ерғалиев бәсекелестікті дамытуға, соның ішінде мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту есебінен экономиканы ырықтандыру жөніндегі шараларға, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуды және реттеуді оңайлатуды қоса алғанда, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға жеке тоқталды.

Бұл бағытта Қазақстан цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын белсенді қолданады. Бірегей ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр, оны енгізу шамадан тыс реттеуді жойып, бизнесті жүргізудің тиімділігін арттырады.

Сондай-ақ цифрлық теңгені енгізуді қоса алғанда, цифрлық қаржы құралдарын дамытуға, сондай-ақ ақша-кредит саясатын жетілдіруге назар аударылды. Осы құралдардың қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырудағы рөлі атап өтілді.

Ерғалиев сөз соңында Қазақстанның кешенді трансформация жүргізіп жатқанын, оның шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар қайта құрулар жүйелі сипатта жүргізілетінін атап өтіп, сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін реформалардың сапасына назар аударды.

Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарында Әсет Ерғалиев халықаралық қаржы ұйымдарымен ел атынан байланысқа түсетін жауапты тұлға болып тағайындалды.