Жаңалықтар

Қазақстан Оңтүстік Кореяға 18 млн баррель мұнай сатады

Оңтүстік Корея мен Қазақстан мұнай саудасына келісті / фото: shutterstock

Оңтүстік Корея билігі Ормұз бұғазынан тыс бағыттардан 273 млн баррель мұнай сатып алады. Соның 18 млн баррелін Қазақстан береді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Мұнай саудасына қатысты мәліметті 15 сәуір күні Оңтүстік Корея президент әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик жариялады. Ресми мәліметке қарағанда, осы ел жыл аяғына дейін Таяу Шығыс пен Қазақстаннан 273 млн баррель мұнай алады. Бұған қоса, Сеул тағы 20,1 млн тонна нафта сатып алуды көздеп отыр. Шикізат қазір соғыс ошағында қалған Ормұз бұғазынан тыс бағыттармен тасымалданады.

Оңтүстік Корея үкіметі Сауд Арабиясы, Қазақстан, Оман және Катар елдерімен келісімге отырған.

Сеул 250 млн баррель мұнайды Сауд Арабиясынан сатып алатын болды. Соның шамамен 50 млн баррелі сәуір және мамыр айларында Қызыл теңіз маңындағы балама порттар арқылы жеткізіледі.

Қазақстан 18 млн, ал Оман 5 млн баррель мұнай сататын болды.

Бұған дейін Оңтүстік Корея мен Қазақстан мұнай саудасына қатысты келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған. Маңызды мұнай келісімі қарсаңында Қазақстанның Сеулдегі елшісі ауысты.