Жаңалықтар

Қазақстандағы нақты мөлшерлеме 7 пайызға жетті

Нақты мөлшерлеме 7 пайызды құрады Фото: shutterstock

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) сарапшыларының талдауына сәйкес, жыл басынан бері экономикадағы нақты мөлшерлеме 5,7%-дан 7%-ға дейін көтерілген. Бұл – соңғы бір жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Нақты мөлшерлеме – бұл инфляцияны алып тастағандағы таза табыс. Бұл көрсеткіш ақша құны баға өсімінен қаншалықты озып тұрғанын көрсетеді. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, теңгемен жинақ сақтау соғұрлым тиімді. Бірақ несие алу халық пен бизнес үшін қымбатқа түседі.

Инфляция қарқыны баяулады

Нақты мөлшерлеменің өсуіне, ең алдымен, елдегі инфляция қарқынының баяулауы себеп болды. Мұндай жағдай ақша-несие талаптарының қатаңдауына әкеліп, теңгемен сақталатын активтердің тиімділігін арттырды. Нәтижесінде қаржы жүйесіне өтімділік ағыны күшейе түсті.

Сарапшылардың пікірінше, егер дезинфляциялық тренд (баға өсімінің баяулауы) тұрақты сақталса, алдағы уақытта Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуіне толық негіз қалыптаспақ.

Ақша және несие нарығындағы ахуал қандай

Ақша нарығындағы қысқа мерзімді мөлшерлеме қазір пайыздық дәліздің төменгі шегіне жақын деңгейде тұр. Бұл жүйеде еркін ақша көлемінің (шамамен 8,1 трлн теңге) артық екенін білдіреді.

Ал несие нарығында керісінше, пайыздық спрэд (айырмашылықтардың) артқаны байқалады. Оған 2025 жылдың соңындағы бәсекелестікке байланысты төмендеген мөлшерлемелердің қайта қалпына келуі себеп.

Мемлекеттік бағалы қағаздарға сұраныс жоғары

Облигациялар нарығындағы жағдай бірқалыпты. Корпоративтік облигациялардың табыстылығы сәл өскенімен, мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) деген сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр.

Әсіресе, шетелдік инвесторлар қызығушылығының артуы нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етті. Салыстырмалы түрде айтсақ, корпоративтік сектордағы бастапқы нарық белсенділігі 167%-ға, ал МБҚ бойынша 13%-ға өскен.

ҚҚҚ мамандарының тұжырымдауынша, қазіргі пайыздық мөлшерлемелердің конфигурациясы отандық қаржы нарығының сыртқы және ішкі факторларға төзімділігін көрсетеді.

Экономикадағы баға өсімі ары қарай тежелетін болса, алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемелердің біртіндеп төмендеп, қалыпты деңгейге түсуіне жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторын қаржыландыруға оң ықпал етпек.

Азия даму банкінің аға экономисі Геннадий Рау биыл инфляция төмендеп, экономикалық өсім шамамен 5% деңгейінде сақталады деп болжам жасаған.