
Сарапшылар мұнай бағасы мен экспорт әлеуетіне қатысты болжамын жақсартқан. 2026 жылы теңге бағамы тұрақталып, экономикалық өсім 5%-ға жетеді деген сенім бар. Дегенмен инфляциялық қысым мен базалық мөлшерлеменің төмендеу қарқыны туралы сарапшылардың пікірі әралуан.
Ұлттық Банк еліміздің жетекші 14 сараптамалық орталығы мен қаржы институттары арасында кезекті макроэкономикалық сауалнама жүргізді.
Зерттеуге AERC, Halyk Finance, Еуразиялық даму банкі және Фридом Финанс сияқты беделді ұйымдардың мамандары қатысып, алдағы үш жылға арналған негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша өз пайымдарын ортаға салды.
Мұнай бағасы қымбаттайды
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сарапшылардың мұнай бағасына қатысты болжам айтарлықтай жақсарған. Мәселен, Brent маркалы мұнайдың 2026 жылға арналған орташа бағасы бұрынғы 62 доллардан 80 долларға дейін өскен.
Бұл оң өзгеріс еліміздің сыртқы сауда айналымына да әсер етіп, экспорт көлемі 2026 жылы 98 млрд долларға, ал 2028 жылға қарай 100,6 млрд долларға дейін жетеді деп болжанған.
Сонымен қатар импорт көлемінің де өсу қарқыны сақталып, 2028 жылы 89,3 млрд доллар шамасында болмақ.
Доллар 515 теңге болмақ
Теңге бағамына қатысты болжамдар да қайта қаралған. Мамандардың бағалауы бойынша, доллардың орташа бағамы 2026 жылы 515 теңге, 2027 жылы 532,5 теңге, ал 2028 жылы 550 теңге деңгейінде қалыптаспақ.
Экономиканың өсу қарқынына (ЖІӨ) келер болсақ, көрсеткіштер тұрақты болады деп есептеледі: 2026 жылы өсім 5,0%-ды құраса, кейінгі жылдары 4,3% бен 4,6% аралығында сақталады.
Инфляция баяулай ма
Инфляция мен базалық мөлшерлеме мәселесінде сарапшылар ұстамдылық танытып отыр. Тұтыну бағаларының өсімі 2026 жылы 10,0% деңгейінде болса, 2028 жылға қарай 7,0%-ға дейін бәсеңдейді деп жоспарланған.
Осыған орай, базалық мөлшерлеме де кезең-кезеңімен төмендеп, 2026 жылдың соңында 15,9%-дан 2028 жылы 11,3%-ға дейін түсуі мүмкін. Бес жылдық мерзімде инфляция 5,5% мақсатты деңгейіне жақындайды деген сенім бар.
Мұнай нарығындағы қолайлы жағдайлар экспорт пен валюта бағамына оң әсер еткенімен, экономикада белгісіздік нышан әлі де байқалады.
Сарапшылардың пікірінше, еліміздің ұзақмерзімді әлеуетті өсімі 4,4% деңгейінде болса, ақша-кредит саясатын теңгерімде ұстауға мүмкіндік беретін бейтарап базалық мөлшерлеме 10,0% шамасында қалыптаспақ.
Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты наурыздан бері АҚШ валютасы арзандай бастаған. Ұлттық Банк теңгенің күшеюіне әсер еткен төрт себепті атаған.