Жаңалықтар

Шенеуніктер мен олардың туыстарының цифрлық әмияндарына тексеріс күшейеді

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлекет шенеуніктер мен олардың туыстарының цифрлық әмияндарына тексерісті күшейтеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен цифрлық активтерді шығарушылар (эмитенттер) үшін ішкі бақылау жаңа талаптары бекітілді.

Бұл ережелер 2026 жылдың 1 мамырынан бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа талапқа сәйкес, жария лауазымды тұлғалар (шенеуніктер), олардың жұбайлары мен жақын туыстары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру тұрғысынан тәуекелі жоғары клиенттер санатына жатқызылды.

Бұл іс жүзінде аталған тұлғалар мен отбасы мүшелері үшін цифрлық қаржы құралдарымен жұмыс істеу кезіндегі құпия шектелетінін білдіреді.

Шенеуніктерден басқа кім бар?

Бекітілген құжатқа сәйкес, бақылау күшейтілетін тәуекел тобына тек шенеуніктер мен олардың туыстары ғана емес, сонымен қатар шетелдік қаржы ұйымдары мен АХҚО аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айналысатын тұлғалар да кіреді.

Сондай-ақ бақылау тізіміне қолма-қол ақша айналымы жоғары бизнес өкілдері, атап айтқанда ойын бизнесін ұйымдастырушылар, туристік қызмет көрсетушілер, жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын делдалдар және «өмірді сақтандыру» саласындағы ұйымдар енгізілген.

Бұдан бөлек, қорлар мен діни бірлестіктер сияқты коммерциялық емес ұйымдар, офшорлық аймақтар мен халықаралық санкция салынған елдерде тіркелген тұлғалар, сондай-ақ провайдерсіз жеке әмияндарды пайдаланатын клиенттерде қатаң тексеріледі.

Цифрлық актив эмитенттері мұндай клиенттерді қатаң тексеруге міндетті. Олардың бүкіл транзакциясына тұрақты түрде күшейтілген мониторинг жүргізіліп, клиенттер туралы жеке мәліметтер әдеттегіден жиірек жаңартылып отырады.

Қандай дерек тексеріледі

Тексеру барысында эмитенттер тек клиенттің жеке басын анықтап қана қоймай, сонымен қатар цифрлық активтерді аудару кезінде жіберуші мен алушының аты-жөнін, әмиян мекенжайын және пайдаланылған блокчейн деректерін де тіркеп отырады.

Егер операция күдікті деп танылса немесе клиент терроризмді қаржыландырумен байланысты арнайы тізімде болса, эмитенттер операцияны тоқтатуға немесе оны орындаудан бас тартуға құқылы.

Бүкіл жиналған мәлімет пен құжаттар іскерлік қарым-қатынас аяқталғаннан кейін де кемінде 5 жыл бойы сақталады. Бұл шаралар цифрлық активтер нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге және қаржылық қылмыстардың алдын алуға бағытталған.

Бұған дейін шенеуніктер мен депутаттардың шетелден қандай мүлік сатып алғаны ашық жарияланатыны хабарланған.