Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда кәсіпкер қант пен тұзды өз компаниясына қымбатқа сатқан

ШҚО-да кәсіпкер әлеуметтік тауар бағасын өсірген
ШҚО-да кәсіпкер әлеуметтік тауар бағасын өсірген/ Фото: Shutterstock

Шығыс Қазақстанда кәсіпкет қарақұмық жармасы, қант пен тұзға сауда үстемесін негізсіз қосып, оларды өзіне қарасты компанияға қайта сатқан. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Өңірдегі жеке кәсіпкерлердің бірі жасанды делдалдықпен айналысқан. Кәсіпкер халық көп тұтынатын тауарларды (қарақұмық жармасы, қант, тұз) жеңілдікпен сатып алып, өзіне қарасты компанияға қайта сатқан. Қарақұмық жармасына 127% сауда үстемесін қосқан.

Өнім бағасы 241 теңге болса, тауар 550 теңгеден сатылған. Ал қантқа қосылған сауда үстемесі 45%-ға жеткен. Ас тұзына қосқан бағасы 41%-ға жеткен. Осының нәтижесінде халық үшін маңызды тауарлар бағасы негізсіз өскен. 

Заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.

Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді