
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңадан енгізілгелі жатқан вице-президент қызметі туралы сауалға жауап берді.
Парламенттегі журналистер жоғары палата спикерінен вице-президент қызметі нақты қашан енгізілетінін сұрады.
«Вице-президент қызметіне қатысты сауалдардың бәрі мемлекет басшысының құзыретінде. Жаңа Құрылтай құрамы жасақталған соң президент тиісті шешім қабылдайды», – деп жауап берді Әшімбаев.
Оның мәлімдеуінше, қандай шешім қабылданатынын мемлекет басшысының өзі біледі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай сайлауы 2026 жылғы тамыз айында өтетінін жариялаған. Маңызды саяси науқанның нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, парламент таратылған соң заң шығарушы органда қос палата болмайды, яғни қазір Әшімбаев басқаратын Сенат жойылады.
Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстанда жаңа саяси партия құрылғалы жатыр. Ұйым жаңа Конституция ережелерін жақтауды көздейді.