
420 млн теңгені жымқырды деп 7 жылға сотталған Алмас Әбдіғаппаровқа қатысы бар Esentai City тұрғын үй кешені аймағынан 10 сотық жер телімі қайтадан сатылымға шықты. Салынып бітпеген құрылыс нысаны бар жерді Алматы әкімдігі 308 млн теңгеге сатуға ниетті.
Бұл жер телімі – тәркіленген дүние-мүлік. Алматы қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті оны осымен екінші рет аукционға шығарып отыр. Сауда-саттық 23 сәуір күні бағаны көтеру әдісімен өтуге тиіс. Аукционға қатысуға ниетті азаматтар 46 млн теңге кепілдік жарнасын төлейді.

Бұл деген- нысан кім көп ақша ұсынса, соның иелігіне өтеді деген сөз. Болашақ иегер нысанға салынған барлық аресті шешу, салықтық берешектер мен айыппұлдарды өтеу, тіпті үшінші тұлғалармен туындауы мүмкін құқықтық дауларды өз мойнына алуға тиіс.

Айта кетейік, Алматыда Esentai City тұрғын үй кешенін салу 2016 жылы басталды, бірақ әлі аяқталмады.
Esentai City – Алматының төрінде, Есентай өзенінің бойында, Әл-Фараби даңғылында орын тепкен премиум-класты элиталы тұрғын үй кешені. Бұл жоба ауқатты тұрғындарға арналған сәнді таунхаус, вилла, заманауи пәтер мен сауда орындарын қамтитын «қала ішіндегі қала» концепциясымен бой көтерген еді.

Алмас Әбдіғаппаров жобаның идеялық авторы әрі дамытушысы, ал Елдос Қоспаев «ықпалды инвестор» ретінде серіктес болғанымен, бұл байланыс соңы үлкен қылмыстық іске ұласты.
Алмас Әбдіғаппаров Алматыдағы Esentai City кешеніндегі вилланы сатудан түскен 420 млн теңгені жымқырды деген күдікпен 2022 жылы ұсталып, 7 жылға сотталған.
Кәсіпкердің өзі бұл істі Қоспаевтың оны бизнестен шеттетіп, үлесін тартып алу үшін ұйымдастырған рейдерлік әрекеті деп атады.
Уақыт өте келе бұл нұсқа ресми түрде расталды: Қаңтар оқиғасынан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Қоспаевтардың ұйымдасқан қылмыстық тобын әшкереледі. Тергеу анықтағандай, Қоспаевтың адамдары Әбдіғаппаровтың отбасына қысым көрсетіп, олардың компаниядағы үлестерін күштеп иемденген.
Бүгінде Елдос Қоспаев рейдерлік жасағаны үшін ұзақ мерзімге сотталып, оның тобы заңсыз тартып алған барлық актив, соның ішінде Esentai City-дегі жер телімдері мен нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды.
Кейін үлескерлердің шағымымен Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга Әбдіғаппарованың үстінен іс қозғалып, 2,5 жылға бас бостандығы шектелген.
Esentai city тұрғын үй кешені үлескерлерінің айтуынша, Ольга 2022 жылдың соңында алаяқтық жасағаны үшін 7 жылға сотталған жұбайының жобасын басқарған. Ол кешеннің құрылысын қайта бастауға уәде берген. Алайда үлескерлердің айтуынша, іс жүзінде AV-Construction құрылыс компаниясының активтерін сатқан.