
Алматы облысының таулы аймақтарында мол жауын-шашын түсуіне байланысты лай көшкіні мен тас құлауы мүмкін. Құтқарушылар жаңбыр аяқталғанша тауға шықпауға кеңес береді.
Бұған қоса, биік таулы өңірлерде қар көшкіні жүру қаупі жоғары екені ескертілді. Өйткені ылғал топырақ тауда температураның ауытқуы қауіпті геодинамикалық процестер туғызады.
Айта кетейік, 16 сәуірде кешке Алматы қаласының Бостандық ауданында топырақтың беткі қабаты сырғып, ғимарат шатырын қиратқан.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға, туристер мен демалушыларға бірнеше кеңес берді:
- алдағы күндері тауға барудан уақытша бас тарту;
- тау беткейлері мен жартас маңына тоқтамау, көліктерді қоймау;
- тау соқпақтары мен жолдарда, көшкін және сел қаупі бар жерлерде аса сақ болу;
- лай көшкінін, тас құлағанын немесе опырылғанын байқаған жағдайда тез арада қауіпті аймақтан кетіп, жедел қызметтерге хабарлау;
- төтенше қызметтердің ресми хабары мен ауа райы болжамын қадағалау.
Құтқарушылар тауға шығар алдында міндетті түрде ауа райы жағдайын алдын ала тексеріп, жол бағытын жақындарға хабарлау қажет екенін ескертті.