
Алматы қаласында 11 экобекет бар. Бірақ жылжымалы бекет мегаполистің кез келген жеріндегі автокөлікті тексере алады.
Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында экобекеттер шығаратын түтіні нормадан асатын 6 мыңнан астам көлікті анықтап, тиісті шара қабылдаған.
Бұған қоса, полиция қаланың экология және қоршаған орта басқармасымен бірге жылжымалы экобекеттермен рейд жүргізіп жүр.
«Осындай шаралардың бірі барысында 619 автокөлік тексеріліп, нәтижесінде 241 әкімшілік хаттама толтырылды», – деп таратты polisia.kz.
Бұған дейін шаһарда 700 лас көлікке айыппұл салынғаны мәлім. Айта кетейік, заң бойынша лас көліктердің иелеріне бастапқыда шамамен 50 мың теңге айыппұл салынады. Тәртіпті екінші мәрте бұзғаны анықталса, айыппұл екі есе көбейеді.
Алматы қаласында 727 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Олардың едәуір бөлігі жеті жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Күн сайын мегаполиске 230 мыңға дейін автокөлік кіреді.
Естеріңізге сала кетейік Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 6 сәуір күні экология мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, ауаның ластануын азайту шаралары күшейтілетінін ескерткен. Мегаполис билігі ауадаға лас заттардың 60%-ын автокөліктер шығарады деп есептейді.