
17 сәуірде Алматыда «Курсив» басылымы ұйымдастырған цифрлық экожүйелердің дамуына арналған екінші ауқымды форум жұмысын бастады. Бір алаңда мемлекеттік ведомстволардың басшылары мен ірі технологиялық компаниялардың жетекшілері бас қосты.
Форумның бағдарламасы Kursiv Research басшысы Сергей Домниннің модераторлығымен өткен пленарлық сессиядан басталады. Дискуссияның негізгі тақырыбы – Отандық экожүйелердің даму жолын таңдау: олар нарықта толық үстемдік орната ма, әлде ақылға қонымды әртараптандыру жолымен жүре ме? Сарапшылар мемлекеттік реттеу мәселелерін талқылап, әлемдік трендтердің 2026 жылғы қазақстандық бизнеске әсерін бағалайды.
Спикерлер генеративті жасанды интеллектің қарқынды дамуы компанияларға қалай әсер етеді, отандық цифрлық өнімдерді экспорттау мүмкіндігі қандай деген сұрақтарға жауап іздейді. Басты пікірталасқа Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов, Yandex Qazaqstan жетекшісі Тимур Шалекенов және ТМД-дағы Ozon компаниясының бас директоры Наталья Боер қатысады.
Болашақтың «супер-қосымшалары» қандай болады?
Бірінші панельдік сессия мобильді платформалардың эволюциясына және супер-қосымшаларына (superapps) көшуіне арналды. Мамандардың болжамынша, біз үйреніп қалған графикалық интерфейстер (батырмалар, мәзірлер) біртіндеп жойылып, олардың орнын озық интеллектуалды агенттер басады. Қатысушылар шын мәнінде пайдалы экожүйе мен функциясы шамадан тыс көп, ауыр бағдарламаның аражігін анықтауға тырысады.
Сонымен қатар, спикерлер гиперперсонализация алгоритмдеріне талдау жасайды. Бұл технологиялар жақын болашақта тұтынушының мәселесін ол қосымшаны ашпай жатып-ақ шешіп бере алады. Талқылауға Freedom Bank-тің басқарушы директоры Вячеслав Ким, Kolesa Group өкілі Александр Нагорный, тәуелсіз сарапшы Мөлдір Рысәлиева және Банк ЦентрКредиттің бейінді жетекшісі Аршын Сұлтанғазы қатысып жатыр.
Бизнеске нейрожелілер «адами келбетін» жоғалтпай енгізіледі
Екінші панельдік пікірталас ірі цифрлық платформалардың бизнес-процестеріне жасанды интеллектіні енгізудің практикалық жақтарына арналған. Бүгінгі таңда әзірлеушілер алдында тұрған басты міндет – нейрожелілерді пайдалана отырып, клиенттерге деген «адами» көзқарасты сақтап қалу. Қатысушылар алгоритмдердің қазіргі сервистерге қаншалықты терең енгенін бағалап, деректерді өңдеу орталықтарының экономикасын талқылайды.
Бұл сессияда мемлекет өкілімен бірге цифрландыру мәселелерін Freedom Holding Corp. техникалық директоры Ренат Тұқанов, QazCode жетекшісі Алексей Шаровар, RISE Research басшысы Айнұр Жантурина және басқа да жетекші мамандар талқылайды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қазанында «Курсив» Алматыда экожүйелерді дамыту бойынша алғашқы форум өткізген. Онда қатысушылар цифрлық дәуірдегі бәсекелестік, тиімді экожүйе құру жолдары, салық төлеу мәселелері мен алдағы бірнеше жылдағы болашағымыз туралы пікір алмасқан еді.
Тікелей трансляцияны мына сілтеме арқылы көруге болады: YouTube сілтемесі
Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.