Жаңалықтар

Астанада 50 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды

фото: Ашық дерек көзі
фото: Ашық дерек көзі

Биыл Астанада 50 мыңнан астам жүргізуші тұрақ ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Полиция мәліметінше, елордада көлікті тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

«Мұндай құқық бұзушылықтар тұрғындардың еркін жүріп-тұруына бөгет болады. Көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Кіреберістерге, пандустарға және қажет жерге жетуді қиындатады. Ал кейбір жағдайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасын итерген ата-аналардың жүріп-тұруын шектейді», – делінген полиция хабарламасында.  

Құқық бұзушылықтар патрульдеу барысында да, бейнебақылау камераларының жазбаларын бақылау арқылы да анықталады. Әсіресе тұрғын үйлердің аулаларына, сондай-ақ әкімшілік және қоғамдық ғимараттардың маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылады.

Тек бір күннің ішінде Астанада тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін шамамен 130 жүргізуші жауапқа тартылса, тағы 140-қа жуық жүргізуші жол белгілері талаптарын сақтамаған. Анықталған бұзушылықтар үшін 200-ден астам автокөліктің нөмірі тәркіленді.

Полиция дерегінше, жыл басынан бері елордада тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін 50 мыңнан астам жүргізуші жазаланды. Оның ішінде 1,5 мыңнан астамы бұл құқық бұзушылықты екі және одан да көп рет қайталаған.

мұның алдында Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін бақылауды күшейткен еді.