
Атауы бірдей шипажайы бар Oi-Qaragai компаниясының иесі және Alina компаниялар тобының негізін қалаушы Ерлік Балфанбаев 2008 жылы сатылым құлдырағаннан кейін бір күнде бірден 1,2 мың адамды жұмыстан шығаруға қалай мәжбүр болғанын айтып берді.
«Бәрімізді тұралатқан 2008 жыл естеріңізде ме? Бізде бір күнде сатылым екі есеге түсіп кетті, тиісінше, кіріс, табыстылық екі есе емес, одан да көп төмендеді… Бірінші аптада-ақ шашым ағара бастады… Сондай қатты күйзеліс болды… Шаштың ағаруы неліктен? Осының кесірінен «Алинада» маған бір күнде 1,2 мың адамды жұмыстан шығаруға тура келді», – деді ол Алматыда өткен AlinEX форумында.
Басынан өткен ауыр күйзелістен кейін кәсіпкер шаңғы тебуге және өзіне ұнайтын туризммен айналысуға бел буған.
«Қазір мен мұны қызбалықпен жасадым ба деп ойлаймын. Үнемі жүрек қалауымен жүре берудің қажеті жоқ, бірақ мен жүрек қалауын таңдадым. Оған инвестиция құя бастаған соң, шамамен үшінші-төртінші жылы мұның мүлдем басқа сала екенін түсіндім. Егер бізде ақша қайтып оралуы үшін жобалар 4-5 жылға созылса, бұл қалыпты жағдай, ал онда 20-30 жыл кететіні айдан анық, оның өзінде нақты емес», – деді ол.
Балфанбаев Oi-Qaragai 12 жыл бойы операциялық шығынға ұшырағанын атап өтті.
«Ол жиналып қалды, өтірік айтуым мүмкін, бірақ менің есімде қалғаны 15 млн долларға дейін (жиналған шығынды құрады – Курсив) – одан да көп, мысалы 20 (млн доллар – Курсив)», – деген ол ештеңеге өкінбейтінін жеткізді.
Оның пікірінше, Алматыда құрғақ қоспаларға немесе басқа да құрылыс материалдарына қажеттілік болмауы мүмкін, алайда таза ауа мен таза суға деген қажеттілік міндетті түрде болады.
«Оны қайдан табуға болады? Таудан. Айтпақшы, мені құттықтасаңыздар болады – екі немесе үш жыл бұрын біз Oi-Qaragai-дан алғашқы бір жарым мың доллар ($1,5 мың – Курсив) таптық. Әрине, ол жерде нөлдер сәл-пәл қосылды, бірақ мен (шипажайға салынған инвестициядан – Курсив) тым болмаса бірдеңе қайтатын кезге дейін өмір сүремін бе, жоқ па, білмеймін», – деді ол.
Балфанбаев қазір өзінің 12 баласына қолдау көрсетумен айналысып жүргенін атап өтті. Атап айтқанда, кәсіпкер ұлы Әлішердің кинематографиялық қызметін дамытуға инвестиция салуда.
«Шыны керек, қазір кішігірім дивидендтер түсе бастады – 10 күннен кейін Торонтоға барамын. Онда деректі кино бойынша ең ірі бес фестиваль бар, және бұл сол бестіктің бірі (фестивальдер – Курсив), ал ол (Әлішердің фильмі – Курсив) бірден бас жүлдеге ілікті. Қолма-қол ақша тұрғысынан келсек, әрине, ол жақтан ештеңе бұйырмайды, бірақ, кем дегенде, оның да бір жерде шындығы бар шығар деп ойлаймын», – деді ол.
Балфанбаевтың ұлы әкесіне классикалық бизнеспен емес, дәл осындай қызметпен айналысқысы келетінін айтқан.
«Әке, әркімнің өз жолы бар екенін білесіз бе?» – деді Әлішер әкесіне.
Балфанбаевтың сөзінше, ол өз компаниясын сатудан түскен ақшаның негізгі бөлігін туризмді дамытуға салған.
Ерлік Балфанбаев – құрғақ құрылыс қоспалары мен лак-бояу өнімдерін өндіретін Alina компаниялар тобының негізін қалаушы әрі акционері. Ерлік Балфанбаев $400 млн байлығымен Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 25-орында тұр. 2024 жылы ол өзінің Alina Group компаниясының 75%-ын жапониялық Nippon Paint Holdings Co. компаниясына сатты.
Oi-Qaragai компаниясы оны кеңейту бойынша құны 68,9 млрд теңгелік жобаны жүзеге асыруда. Жобаның инвесторы – компания иесі Ерлік Балфанбаев.