
Freedom Holding Corp. 17 сәуірде ChessBase компаниясын сатып алғанын жариялады. Бұл компания – шахмат бағдарламалары, сараптама және мәліметтерге маманданған әлемдегі ең көне және ірі сервистердің бірі.
Холдинг жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және өнімді корпорацияның цифрлық экожүйесімен интеграциялау арқылы нарықтағы позициясын нығайтуды жоспарлап отыр. Жобаны дамытуға бағытталатын күтілетін инвестиция көлемі шамамен 5 млн еуроны құрайды.
Экожүйеге интеграциялау және команданы сақтап қалу
Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турлов ChessBase-ті бай тарихы бар мықты бренд деп атады. Оның айтуынша, негізін қалаушылар командасымен бірге компания сервисті заманауи ету және оның функционалын байытуда айтарлықтай прогреске қол жеткізе алады.
«Біздің ынтымақтастығымыз платформаның кәсіби шахматшылар ортасындағы орнын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар әлемнің 20-дан астам еліндегі жалпы саны 11 миллионнан асатын біздің топтың клиенттеріне тікелей қолжетімділік сыйлау арқылы жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді ол.
Тимур Турлов бөлінген қаражат платформаның технологиялық архитектурасын кеңейтуге жұмсалатынын атап өтті.
Бұл ретте компанияның бас кеңсесі Гамбургте қалады, ал негізгі команда қазіргі құрамында сақталады. Ұйым жоспарында бизнес өскен сайын жаңа қызметкерлерді жұмысқа алу көзделген.
ChessBase GmbH — 1986 жылы Гамбургте негізі қаланған неміс компаниясы. Ол шахматшылар үшін партиялар базасын, аналитикалық бағдарламалар, оқыту өнімдері мен онлайн-сервистерді әзірлеп сатады.Сондай-ақ дәл осындай атаумен ірі шахмат жаңалықтар ресурсын басқарады.
Компанияның жеке шахмат партияларының базасы – бүкіл әлем бойынша кәсіби шахматтың негізіне айналған салалық стандарт. Компания өз бағытында әлемдік көшбасшы ретінде танымал және кәсіби шахматтық дайындықтағы ең танымал брендтердің бірі болып қала береді.
Интеллектуалдық спортты қолдау
Тимур Турлов шахмат индустриясын дамытуға баса назар аударып келеді. 2023 жылдың қаңтарынан бастап ол Қазақстан шахмат федерациясын басқарса, 2024 жылдың қыркүйегінде Халықаралық мектеп шахматы федерациясының тізгінін ұстады.
Холдинг жыл сайын осы интеллектуалдық ойынды танымал етуге 15 млн доллардан астам қаражат бағыттайды. Қазақстан соңғы жылдары ірі шахмат біріншіліктерін өткізуге арналған халықаралық алаң ретінде өз позициясын едәуір нығайтты.
Freedom Holding Corp. түсімі тоғыз ай ішінде 1,7 млрд долларға жетті. Компания Армения мен Францияда жаңа банктер ашу мүмкіндіктерін белсенді қарастырып жатыр. Сонымен қатар, холдинг Түркиядағы коммерциялық банкті сатып алу процедураларын аяқтап қалды.
Холдинг 21 елде қаржылық қызмет көрсетеді және 10 млрд доллардан астам активті басқарады. 5 миллионнан астам аудиториясы бар SuperApp флагмандық қосымшасы банк қызметі, сақтандыру, билет сатып алуды және өнім жеткізуді біріктіреді. Компанияның акциялары америкалық NASDAQ биржасында FRHC тикерімен саудаланады, ал топтың нарықтық капитализациясы шамамен 10 млрд долларды құрайды.