Жаңалықтар

Халықаралық мәселелерді шешуге Қауіпсіздік Кеңесі кедергі келтіріп отыр

фото: Ақорда

Қазір Түркияда Анталия дипломатиялық форумы өтіп жатыр. Шараға президент Тоқаев та қатысты. Ол сөзінің басым бөлігін халықаралық ахуалға, оны реттеудегі БҰҰ-ның қызметіне арнады.

Тоқаев ұйымның рөлі төмендеп кеткеніне алаңдаулы. Айтуынша, жаһандық қақтығыстар бұрынғыдай БҰҰ алаңында емес, одан тыс жерде, жекелеген елдердің астанасында өте беретін болған.

«БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?» – деді президент.

«БҰҰ-да бәрі істен шыққан»

Тоқаев сөзінде Дональд Трамптың сөзін де тілге тиек етті.

«Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, » деді. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен – көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін, – деді ол.

Президенттің сөзінше, БҰҰ Жарғысына да мұқият мән беру керек. Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланған, бірақ қазір барлық нәрсе өзгерген.

«Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деп атап өтті Тоқаев.

Ол ұйымның жұмысына реформа жасау керек деп есептейді. Оны ең бірінші Қауіпсіздік Кеңесінен бастау керек екенін де айта кетті.