Жаңалықтар

Каспий жағасынан 97 итбалықтың өлексесі табылды

фото: shutterstock
фото: shutterstock

17 сәуір күні Каспий теңізі жағалауынан Түпқараған ауданы аумағында жағаға шығып қалған итбалықтардың өлекселері табылды.

«Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының мәліметінше, 17 сәуір күні сағат 11:00-дегі жағдай бойынша аудан шегіндегі жағалауда 97 өлген итбалық тіркелген.

Бұл туралы АқЖайық басылымы хабарлады. Мамандардың айтуынша, оларды жағаға батыстан соққан жел алып шыққан.

Оқиға орнына «Каспий итбалығы» резерватының қызметкерлері, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, әкімдік, полиция, экология департаменті, ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы, Гидробиология және экология институты, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, сондай-ақ басқа да тиісті ұйымдардың өкілдері барды.

Мамандар жұмыс тобын құрып, өлген жануарлардан сынамалар алып, қырылудың алдын ала себептерін анықтап, өлекселерді жою жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.

Гидробиология және экология институтының мамандарының пікірінше, итбалықтардың бұдан бір ай бұрын қырылған. Алайда оларды Түпқараған ауданы жағалауына тек қазір ғана дауылды батыс желі алып келген болуы мүмкін.

Жағалауды мониторингтеу жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.

Былтыр желтоқсан айында Каспий жағалауында 500-ге жуық итбалық өлексесі табылған еді.