
Кипрде аяқталған 2026 жылғы Үміткерлер турнирінің қорытындысы бойынша шахматшылардың жалпы жүлде қоры 1 миллион еуроны құрады. Қаржылық көрсеткіштер бойынша Өзбекстан өкілі Жавохир Синдаров пен қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева көшбасшылар қатарынан көрінді.
Ерлер арасындағы ашық турнирдің нәтижелері
Ашық турнирдің жалпы бюджеті 700 мың еуро болып бекітілген. Ресми ережеге сәйкес, бірінші орын үшін 70 мың еуро, екінші орынға 45 мың еуро, ал үшінші орынға 25 мың еуро төленді. Бұдан бөлек, қатысушыларға жинаған әрбір жарты ұпайы (½) үшін 2 200 еуро көлемінде бонус есептелді.
Турнир жеңімпазы, өзбекстандық Жавохир Синдаров жарыс қорытындысы бойынша ең көп табыс тапқан шахматшы атанды. Оның жалпы гонорары 170 мың еуроға жетті. Қаржылық рейтингтің екінші сатысына 130 мың еуромен Аниш Гири (Нидерланды) жайғасса, үздік үштікті 58 мың еуромен Фабиано Каруана (АҚШ) түйіндеді.
Әйелдер арасындағы турнир және Бибісара Асаубаеваның табысы
Әйелдер арасындағы бәсекеде 300 мың еуро сарапқа салынды. Турнир чемпионына 28 мың еуро, күміс жүлдегерге 17 мың еуро, ал қола жүлде иегеріне 8,6 мың еуро қарастырылған. Негізгі сыйақыға қоса, шахматшылардың нәтижелері үшін қосымша бонустар қосылды.
Қазақстандық Бибісара Асаубаева турнирдегі ойыны мен жинаған ұпайлары үшін жалпы көлемі 52,2 мың еуро табыс тапты. Бұл әйелдер арасындағы екінші ең жоғары көрсеткіш.
Әйелдер арасындағы қаржылық рейтинг:
Рамешбабу Вайшали (Үндістан) — 65,4 мың еуро;
Бибісара Асаубаева (Қазақстан) — 52,2 мың еуро;
Чжу Цзиньэр (Қытай) және Александра Горячкина (Ресей) — әрқайсысына 41,6 мың еуродан.
Айта кетейік, соңғы уақытта шахмат әлемінде Жавохир Синдаров пен Бибісара Асаубаеваның кәсіби серіктестігінен бөлек, олардың жеке қарым-қатынасы туралы да ақпараттар жиі талқыланып жүр.