Жаңалықтар

Неге жаңа маркетплейстердің Қазақстан нарығына кіруі қиындады

Нарыққа жаңа ойыншының кіруі оңай емес / Фото: Делия Айдаралиева

Қазақстанның электронды сауда нарығында жаңа ойыншылар пайда болған сайын нарық күрделеніп келеді. Ozon-ның ТМД бойынша бас директоры Наталья Боердің айтуынша, қазіргі алпауыттар нарықтың 50 пайызын иеленіп отыр. Логистикаға 80 миллиард теңге салған компания енді тек бағамен емес, жеткізу жылдамдығы мен тәжірибе арқылы бәсекеге түспек.

Бүгінде маркетплейстің Алматы мен Астанада екі ірі қоймасы, сондай-ақ Атырау, Өскемен, Шымкент және Ақтөбе қалаларында сұрыптау орталықтары жұмыс істеп тұр.

Наталья Боердің айтуынша, мұндай ауқымды инфрақұрылым сатушы мен сатып алушы арасындағы қашықтықты барынша қысқартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ компания ел аумағында тапсырыс беру пункттерін (ПВЗ) көптеп салып жатыр. Бұл шалғайдағы елді мекен тұрғындарының мегаполис тұрғындарымен бірдей деңгейде қызмет алуын қамтамасыз етпек.

Наталья Боер қазіргі нарық құрылымын ескерсек, жаңа ірі ойыншылардың келуі оңай болмайтынын атап өтті.

«Revolut немесе басқа да платформалардың нарыққа кіруі орасан зор инвестицияны талап етеді. Нарық өсіп жатқанымен, қазірдің өзінде оның 50 пайыздан астамын иеленіп отырған ірі ойыншылар бар екенін түсіну керек. Тұтынушылардың талабы өзгергендіктен, шекарааралық жеткізіліммен ғана нарыққа ену мүмкін емес, бұл жерде жергілікті платформалардың артықшылығы басым», – деді ол.

Тұтынушылар үшін тауардың 1-2 күнде, ал ірі қалаларда бірнеше сағат ішінде жеткізілуі қалыпты жағдайға айналды. Наталья Боердің пікірінше, жылдамдық – отандық сатушылардың халықаралық жеткізілімдер алдындағы ең басты бәсекелестік артықшылығы.

Енді маркетплейстер тұтынушылардың саудасы, сатып алған тауарлары жөніндегі деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне беруі керек. ТМД аумағындағы ірі маркетплейстің бірі, Ozon компаниясы, бұл талапқа да көнуге мәжбүрміз дейді.

Алматыда «Курсив» басылымы ұйымдастырған цифрлық экожүйелердің дамуына арналған екінші ауқымды форум өтіп жатыр.

Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.