
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу жұмысын жалғастырып жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі таңда құжаттың жобасы талқылау және келісу кезеңінде.
Сондықтан жаңа ережеге қатысты мұқият болуға шақырып отыр.
«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан материалдар ресми бекітілген құжат болып табылмайды және ереженің соңғы редакциясы емес», – деп ескертті Оқу-ағарту министрлігі.
Сонымен қатар, дүйсенбі күні аталған мәселе бойынша ресми брифинг өткізіліп, құжат жобасына қатысты жан-жақты түсіндірме берілмек. Брифингтен кейін жоба кеңінен қоғамдық және азаматтық қоғам өкілдерінің талқылауына ұсынылады.
«Педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары Министрлік үшін маңызды. Ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыру көзделеді», – делінген хабарламада.
Айта кететін жайт, педагогтердің білімін бағалау тестін тапсырып, шекті балл жинай алмай, ақылы негізде тест тапсыруға тіркелген ұстаздардың төлеген қаражаты қайтарылады.