Жаңалықтар

Қазақстандағы цифрландыру саласында монополия жоқ – Тимур Турлов

Турлов Қазақстанда технооптимизм қалыптасқан дейді / Фото: Делия Айдаралиева

Kursiv Ecosystems Forum барысында Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов Қазақстандағы цифрландыру үдерісіне қатысты өз пайымын білдірді.

«Цифрлық саладағы біздің басты ерекшелігіміз — технооптимизм. 2008–2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейін қорқыныш өте басым болды. Ал қазір халық та, саясаткерлер мен реттеуші органдар да цифрлық технологиялардан қорықпайды. Біз бұдан, керісінше, мемлекеттің мәселелерін шешуге көмектесетін үлкен әлеуетті көріп отырмыз», — деп атап өтті Тимур Турлов.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта монополияға қарсы органдар бәсекелестік ортаны жіті бақылап отыр. Тимур Турловтың пікірінше, Қазақстанда монополия қалыптасып жатқан жоқ, себебі нарықтағы түрлі ойыншылардың позицияларына үнемі бәсекелестер тарапынан «шабуыл» жасалып, басымдыққа талас жүріп жатады.

Егер экожүйелер нарық үшін өзара күресетін болса, түптің түбінде олардың әрқайсысы реттеуші орган тарапынан еркін дамуға көбірек мүмкіндік алмақ.

Алматыда «Курсив» басылымы ұйымдастырған цифрлық экожүйелердің дамуына арналған екінші ауқымды форум өтіп жатыр.

Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.